«Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Оның атынан белгісіз біреу 300 000 теңгенің тауарын несиеге алған. Жәбірленуші әйел несиесі барын бір айдан кейін банктен хабарлама келген кезде біліп, жергілікті полицейлерден жағдайды анықтауға көмектесуін сұраған», - деді ол министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Оның дерегінше, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, көшеде ұстады. Алаяқтық жасаған ер адам жергілікті тұрғын және жәбірленушінің танысы болып шықты.
«Ол жәбірленуші әйелді тауарлық несие алып, оны зейнетақы қорындағы ақшамен өтеуге болатынына сендірген және несие рәсімдеуге өзі көмектесітінін айтқан. Жәбірленушінің атынан алаяқ банкке сұрау жіберіп, мақұлдау алған соң, ақшаны өз шотына аударып алған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да осындай алаяқтыққа қатысы бар-жоғы анықталуда», - деді Шұғыла Тұрлыбек.