Танысынан 2,5 млн теңге ақша бопсалаған 22 жастағы көкшетаулық ұсталды

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Таныс әйелден жарты жыл бойы 2,5 миллион теңге ақша бопсалап келген Көкшетау қаласының 22 жастағы тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мамырдың 30-да қалалық ПБ кезекшілік бөліміне ірі көлемде бопсалау туралы арыз түскен.

«Өңір тұрғыны 2020 жылдың күзінен бастап 2021 жылдың мамырына дейін танысынан 2,5 млн теңге көлемінде ақша қаражатын бопсалағаны анықталды. Жәбірленуші бұл ақшаны қаскүнемге және оның достарының банк карталарына жіберіп отырған. Осы бойынша департаменттің тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 194 бабы «бопсалаушылық» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады», - деп түсіндірді ведомстводан.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Көкшетау қаласының аумағында криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері осы қылмысқа күдікті ретінде облыс орталығының 22 жастағы тұрғынын ұстады.

Белгілі болғандай, күдікті бірнеше ай бойы қорқыту және бопсалау арқылы жәбірленушіні әшкерелейтін ақпаратты таратпағаны үшін әйелден ақша талап еткен.