Бұған дейін орталық Атырау қаласының Авангард шағынауданында орналасқан болатын. Алайда жыл басында облыс прокурорының тапсырмасымен нысанға кешенді тексеріс жүргізіліп, бірқатар заң бұзушылық анықталған. Атырау қаласының прокуроры Мерген Меңдіғалиевтің айтуынша, бұрынғы ғимарат қолданыстағы талаптарға толық сәйкес келмеген.
– Осыған дейінгі ғимарат бірқатар талапқа сай болмады. Ол бойынша прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Нәтижесінде балалар уақытша осы жерге көшірілді. Бұл жерде балалардың қауіпсіздігі мен бос уақытын тиімді өткізуі үшін барлық жағдай жасалған, – деді ол.
Тексеру барысында ғимараттағы бөлмелердің тарлығы, асхананың санитариялық талаптарға сәйкес келмеуі, ұлдар мен қыздардың ортақ әжетхана пайдалануы, ойын алаңдарының қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталмауы және әр балаға тиесілі аумақтың белгіленген нормадан төмен екені анықталған. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарының толық сақталмағаны белгілі болды.
Орталық ұжымы енді жаңа ғимарат құрылысының басталуын күтіп отыр. Бұған дейін облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуов Жұлдыз-2 ықшамауданында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының жаңа ғимараты салынатынын мәлімдеген еді.
Қазір нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
Бұған дейін орталықтан балалардың қашып кету дерегі тіркелген еді.