Тар көйлек кигені үшін Мароккода екі әйел сотталып кете жаздады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Агадир портты қаласында дене бітімін айқындап тұратын тар көйлек киіп серуендегені үшін «әдепсіздік танытты» деп айыппен ұсталған екі әйелді Марокко соты босатып жіберді, деп хабарлады олардың қорғаушылары.

Әйтпегенде, сол қылығы үшін олар Марокка заңы бойынша екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін еді. Әйелдерді 16 маусым күні базардағы саудагерлер ысқырып жүргізбей қойған соң ұстап әкеткен.

Алайда, көптеген құқық қорғаушылар қыздарды қорғап шықты, ал әлеуметтік желілерінде оларды қолдайтын топтар ашылып, қорғау науқаны жүргізілді. Жүздеген мароккалық адвокат қыздарды сотта қорғауға дайын екендерін жеткізді.

Әйелдердің құқығы үшін күресетіндер серуендеп жүрген әйелдерді қорлағандарды да енді жауапқа тарту керек деп отыр.