Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасының институционалдық бөлігін келісті - Мәскеудегі кеңес
Отырыста аша отырып, В.Путин Кеден одағы «үштігі» елдерінің басшылары отырыста Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасының институциональдық бөлігін мақұлдағанын атап өтті.
«Атап айтқанда, одақ қызметінің басты ұстанымдары, біздің экономикаларымызды өзара тиімді негізде жақындастыра түсу және үйлесімді дамыту, бәсекеге қабілеттілігін нығайту үшін ынтымақтастық мәселелері белгіленді. Бұл ұстанымдарды жүзеге асыру басты және негізгі мақсатқа - біздің мемлекеттеріміз халықтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған», - деді РФ басшысы.
Келесі кезең - шарттың функциональдық немесе салалық бөлігін келісу. Мерзім өте қысқа - мәтін 2014 жылғы 1 мамырға қарай қол қоюға дайын болуы тиіс. Бұдан кейін шарт Еуразиялық экономикалық одақ 2015 жылғы 1 қаңтардан толыққанды жұмысын бастауы үшін парламенттерге ратификациялауға беріледі», - деп хабарлады В.Путин.
Ол бүгінде белгіленген кестеге сай министрліктер мен ведомстволар және сарапшылық топтар желісінде өзара іс-қимылды өрістету маңызды екенін атап өтті.
«Шарттың салалық бөлігін бірыңғай экономикалық саясат саласындағы нақты міндеттемелермен барынша байыту қажет. КО мен БЭК-тің бүкіл шарттық-құқықтық базасын кодтауды аяқтау, тауарлардың, қызметтердің, капитал мен еңбек ресурстарының еркін жылжуын қамтамасыз ету талап етіледі», - деді В.Путин.
Отырысқа Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин және Александр Лукашенко, сондай-ақ Армения мен Қырғызстан президенттері Серж Саргсян мен Алмазбек Атамбаев және Украина премьер-министрі Николай Азаров қатысуда.