Тараз айналма жолымен жүргені үшін көлік жүргізушілері қанша ақша төлейді

АСТАНА. KAZINFORM — «Тараз айналма жолы» жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолында ақы алу жүйесі енгізіледі. Бұл жайында Көлік министрінің Ашық НҚА порталында жарияланған бұйрығында айтылған.

Фото: Kazinform

Құжатқа сәйкес, ұзындығы 57 шақырымды құрайтын ақылы автомобиль жолмен жүріп өту үшін төлем мөлшерлемелері көліктердің санатына қарай мынадай соманы құрамақ:

— 16 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға (бұдан әрі — тн) дейін жүк автомобильдері үшін алдын ала төлем жасалғанда 330 теңгені, кейіннен төленгенде 390 теңгені;

— 32 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейін жүк автомобильдері үшін алдын ала төлем жасалғанда 670 теңгені, кейіннен төленгенде 790 теңгені;

— 32 орыннан асатын автобустар және жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейін автопоездар үшін алдын ала төлем жасалғанда 1 010 теңгені, кейіннен төленгенде 1 190 теңгені;

— жүк көтергіштігі 10 тоннадан жоғары 15 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері үшін алдын ала төлем жасалғанда 1 360 теңгені, кейіннен төленгенде 1 590 теңгені;

— жүк көтергіштігі 15 тоннадан жоғары, оның ішінде тіркелгіш және ершікті тартқыштар үшін алдын ала төлем жасалғанда 1 679 теңгені, кейіннен төленгенде 1 980 теңгені құрайды.

Автокөлік құралының түріне және жүк көтергіштігіне байланысты жергілікті автокөлік үшін 1 айлық және 1 жылдық абонементтер қарастырылған.

Атап айтқанда:

— 16 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға (бұдан әрі — тн) дейін жүк автомобильдері үшін 1 айға 3 692 теңге, 1 жылға 44 304 теңге;

— 32 орынға дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейін жүк автомобильдері үшін 1 айға 7 384 теңге, 1 жылға 88 608 теңге;

— 32 орыннан асатын автобустар және жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейін автопоездар үшін 1 айға 11 076 теңге, 1 жылға 132 912 теңге;

— жүк көтергіштігі 10 тоннадан жоғары 15 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері үшін 1 айға 14 768 теңге, 1 жылға 177 216 теңге;

— жүк көтергіштігі 15 тоннадан жоғары, оның ішінде тіркелгіш және ершікті тартқыштар үшін 1 айға 18 460 теңге, 1 жылға 221 520 теңге болады.

Айта кетейік, Таразайналма жолын ақылы негізде пайдалану мерзімі 20 жыл деп белгіленбек. Бұйрық жобасы 9 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға шығарылып отыр.