Тараз қалалық құрылыс бөлімінің басшысы үш жылға сотталды

Фото: uralskweek.kz

№2 Тараз қалалық соты Тараз қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Ержан Бабақұловқа қатысты сот шешімін жариялады, деп хабарлайды Kazinform. 

Ержан Бабақұловқа ҚР Қылмыстық кодексі 366-бабының 2-бөлігі бойынша айып тағылған болатын. Аталған бап айыпталушының мүлкін тәркілеп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның елу еселенгеннен алпыс еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

«Сот отырысы барысында прокурор айыптауды 190-баптың 3-бөлігінің 2-тармағына (алаяқтық) өзгертуді сұрады. Сот шешім шығарған кезде сотталушының шын жүректен өкінуін, оның кәмелетке толмаған балаларының болуын және мемлекетке келтірілген залалды өтеу фактісін назарға алды. Нәтижесінде Ержан Бабақұлов жасаған қылмысы үшін үш жылға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды. Оған тиесілі iPhone 13 PRO телефоны мен Ritmix радиосы мемлекет пайдасына тәркіленді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Апелляциялық шағым берілді», – делінген Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бұған дейін Таразда көлігімді өртеді деп облыс әкімінің орынбасарына жала жапқан Нұрлан Қанатов 3,5 жылға сотталғанын хабарлаған болатынбыз.