Тараз қаласын түнгі жарықтандыру үшін 302 млн теңге бөлінді
06:09, 14 Маусым 2016
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласында жақында қаланың орталық көшелері бойында орналасқан ғимараттар да жарықтандырыла бастады.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қоғамдық көлік және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықов бұл үшін үшін бюджеттен 302 млн теңге бөлінгенін айтты.
«Қаражат Абай және Төле би көшелеріндегі 49 ғимаратты декоративті жарықтандыру, сондай-ақ жыл бойына электр энергиясын өтеу үшін бөлінді», - деп түсіндірді ол.
Декоративті түнгі жарықтандыру жұмыстарын 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуде белсенді үлес қосқан «ССТ Лайтинг» компаниясы жүзеге асырмақ.
Мұнымен қатар, Тараз қаласының әкімдігі қаладағы 11 көшеде сыртқы жарықтандыруды жаңғырту үшін 252,3 млн теңге бөлініп, 65 баған орнату, 1 394 жарық диодты шамды ауыстыру жоспарланғанын атап өтті.