ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодарда волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті.
Бүгін алаң иелері – өткен жылғы ел чемпионы «Павлодар» командасы «Тараз» волейбол клубымен финалда үшінші кездесуін өткізді.
Бұған дейін қос клуб чемпиондық үшін өткен ойында бір-бірден жеңіске жеткен еді – 1:1.
Бұл жолы бірінші партияда Игорь Никольченко жаттықтыратын павлодарлықтар 30:28 есебімен басым түсті. Алайда бұдан кейін тараздықтар (бас бапкері Андрей Патраков) камбэк жасады: 25:21, 25:14, 25:15.
Осылайша «Павлодарды» өз алаңында 3:1 есебімен жеңген «Тараз» ел чемпион атанды. «Павлодар» күмісті қанағат тұтса, «Есілге» (СҚО) қола медаль бұйырды.
Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер, үздік ойыншылар марапатталды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында алтын үшін айқаста «Тараздың» таразы басын теңестіргенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).