Тараз көшелері олқы-солқы ретсіз жарнамаға толып кеткен

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен отырыста Тараз қаласының инфрақұрылымын жақсарту және шаһарды абаттандыру, көшелердегі жарнамаларды ретке келтіру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімдігінде өткен отырыста қалада сыртқы жарнаманы орналастыруға байланысты салық алымының көрсеткіші тыңдалды. Анықталғандай, салық алымының мөлшері ықтимал көрсеткіштен он есе аз болып шықты. Сонымен қатар, 190-ға жуық жарнама нысанының (билбордтар, стеллалар, табло мен LED-экрандар) 149-ында заңнама талаптарының бұзылғаны анықталған. Тек сыртқы жарнаманың 41 иегері ғана талапқа сай құжаттарға ие, олар уақтылы салықтарын төлеп жатыр.

«Тапсырма бірнеше ай бұрын берілгенімен, тиісті нәтижені байқап отырғаным жоқ. Қала көркін бұзып тұрған заңсыз жарнаманың мұрты да бұзылған жоқ. Бизнесмендерге деген ешқандай талап та жоқ. Бұрынғыша салықты төлемей отыр. Жарнамалардың қаншасы заңсыз екенін, олар қай уақыттан бері ілініп тұрғанын анықтау керек. Жұмыс мерзімін есепке тіркей отырып, олар қанша салық төлеу керектігін анықтау қажет. Айыппұлдар мен тиісті құжаттарға сәйкес келетінін немесе келмейтінін айқындаған абзал. Бұл салық қызметіне жүктелетін міндет», - деді облыс әкімі Асқар Мырзахметов.

Қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Кенжеғазы Есембеков бұл бағыттағы жұмыс қазірдің өзінде басталып кеткеніне сендірді.

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаровтың айтуына қарағанда, бұл жұмысты атқарудың өзіндік қиындығы да бар. Себебі, қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінде ғимараттың кейбір бөліктеріне жарнама орналастыруға тыйым сала алатындай құзірет жоқ. Барлық 149 бұзушылық осы себепті тіркеліп отыр.

«Заң бойынша, сыртқы жарнаманы реттеу бағытында бізде нормативтік-құқықтық құжат толтыруға болатындай құқық жоқ. Егер мәслихат облыстық әділет департаментінде бекітілген аймақтың күтімі мен көгалдандыруы бойынша ереженің 47-бабына өзгеріс енгізетін болса, бәлкім бұл мәселе шешілуі мүмкін», - дейді ол.

Асқар Мырзахметов ереже бұзған кәсіпкердің нақты айыппұлдың сомасын тарту керектігін атап өтті.

«Егер айыппұл сомасы көп болып жатса, ол кәсіпкер келесіде ондай қателікке жол бермейді. Ал еген жарнаманың қалғанын қаласа, ақшасын төлесін. Міне, мәселе осылай шешіледі. Нормативтік-құқықтық құжатқа ендеше ешқандай өзгеріс енгізудің қажеті жоқ. Тіпті салықты төлеуге даяр кездің өзінде жарнаманың жалпы стандартқа сай келетінін немесе келмейтінін анықтау керек. Ол үшін ең алдымен жай ғана сауда үйлерін аралап шығыңыздар», - деді аймақ басшысы.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын қалалық әкімдіктің қызметкерлері жүргізген рейд кезінде арнайы комиссия қаланың инфрақұрылымдық жай-күйін, соның ішінде сыртқы жарнамалар жайын зерттеген болатын. Рейд жұмыстары үш бағытта, атап айтқанда тіл туралы заңның сақталуы, жарнаманы орнатуға берілетін рұқсат, құрылым нормалары мен нысандарға жарнама орнату талаптары бойынша жүргізілген. Комиссияның мүшелері жарнамалардың заңдылығы ме сапасын зерттеп, нысан иелеріне тиісті ережелердің талаптарын, сондай-ақ, «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңның талаптарын түсіндірген еді. Комиссия сол кезде көптеген нысандарда талапқа жауап бермейтін жарнамалардың орналастырылғанын анықтаған.