Тараз көшелерін жаңартылатын қуат көздері жарықтандыратын болады

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз көшелеріне  алғашқы сынақ ретінде заманауи энергия үнемдегіш көше шамдары орнатылып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Тараз қаласының әкімі көше шамдарын жеткізумен айналысатын «Higer Quazar» компаниясымен келісім жұмыстарын жүргізу үстінде. Қалаға  қазір көше шамдарының  үш үлгісі орнатылды,  олар: энергия үнемдегіш, күн батареясымен жұмыс істейтін және күн-жел қуатымен жарық беретін шамдар. Көшелерді жарықтандырудың үш үлгісі де сынақ ретінде қойылды. Түбінде тиімдісін таңдап аламыз,-дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Жасұлан Ханалиев «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында. 

Еске сала кетейік, Жамбыл облысының әкімдігі  Қытайдың «Higer Quazar» компаниясымен бұған дейін «Тараз»  индустриалдық паркі»  өнеркәсіптік аймағы орналасқан аумаққа  «Quazar» электроавтобустарын  шығаратын зауыт салу бойынша келісімшартқа отырған болатын. Құны 3 млрд теңге тұратын жобаның  өндірістік қуаты -  жылына 300 электроавтобус.  «Higer Quazar» компаниясымен жасалған  аталмыш жобаның тұсауы  жуықта ғана, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барған  кезде кесілген болатын.

Ж. Ханалиев сонымен қатар «Higer Quazar» компаниясы шығарған автобустарын  Астанада өткен EXPO-2017 көрмесінде таныстырып, компания өзінің басқа да мүмкіндіктерін көрме тамашалаушыларға ұсынғанын айтты.  Мұнымен қоса, «Болашақтың энергиясы» форумының аясында «Қаладағы энергия тиімділігі» тақырыбы талқыланды. Жиында қаланың болашақтағы инновациялық жобалануы айтылды. Басқосудағы тақырыпты талқылауға энергетика саласындағы ғалымдар мен сарапшылар, инженерлер мен сәулетшілер, сондай-ақ энергетикалық компаниялардың өкілдері қатысты.

«Жаңартылатын қуат көздерін пайдалану арқылы  қала көшелерін жарықтандыруға жұмсалатын шығынды  үнемдейміз. Алғашқы кезеңде әрине, қомақты қаржы керек. Біз бәрін есептеп жатырмыз, нәтижесінде бюджет қоржынының едәуір үнемделгенін байқайтын боламыз. Шығындар тек ағымдағы жөндеу жұмыстарына ғана жұмсалады, ал жел мен күн сияқты қуат көздері тегін»,-деді қала әкімінің орынбасары.