Тараз полициясы қарсы жолақпен жүрген қымбат көлік жүргізушілерін іздестіріп жатыр

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда қымбат шетелдік көлік жүргізушілерінің жол ережесін өрескел бұзғаны түсірілген видео интернетте көпке танымал болып үлгерді.

Үш Toyota Land Cruiser, бір Porsche Cayenne, бір Lexus LX 570 және бір BMW X5 көлігі қарсы жолаққа шығып, ирелеңдеп жүрген. Наурыз айының басында болған бұл оқиға туралы Жамбыл облысының Ішкі істер департаменті мәлімет таратты.

«Видеодерек бойынша тексеру жүргізіліп, жол талғамайтын көліктер Тараз қаласындағы Айша бибі көшесінің бойымен жүргені анықталды. Екі көлік Жамбыл облысында тіркелген. Жергілікті полиция жедел іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Олар көліктердің қайда екенін анықтап, олардың иелерін ұстауы керек. Анықталған көліктер туралы деректер «Автодауыл» аппараттық-бағдарламалық кешеніне енгізілді», - делінген хабарламда.

Полиция жүргізіліп жатқан жедел іздестіру шараларының нәтижесінде жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұл туралы БАҚ-қа қосымша хабар таратылады деп сендірді.