Қордың атқарушы директоры Сергей Злотниковтың айтуынша, ол Нидерланды Үкіметінің қолдауымен «Қазақстандағы соттардың жариялылығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету барысында қоғамдық қатысу» жобасы аясында жүргізілген. Ол 25 сәуір мен 25 мамыр аралығында қалалық сотқа келушілер мен қарапайым халықтың арасында екі кезеңмен жүргізілді. Онда Ақтөбе, Алматы, Астана, Қарағанды, Павлодар, Тараз, Өскемен және Шымкент қалаларында барлығы 800 адам сұралынды.
«Сауалнама қорытындыларына қарағанда сотқа келушілердің 49 пайызы - орташа, 35 пайызы - жақсы, 6 пайызы өте жақсы деп баға берді. Респонденттердің көңілінен шыққан сот жұмысының аспектілері: сот төрешісінің сот процесі барысындағы өзін-өзі ұстай білуі және сот ісіндегі процессуалды нормалардың сақталуы. Ал сот ісінің қаралу уақыты мен шешім шығарудағы заңды сақтау бойынша сотқа келушілер көбінесе наразылық білдірген», - дейді сарапшы Гүлнара Илеуова.
Оның сөзіне қарағанда, сотқа деген сенімін білдіруде келушілердің 15 пайызы толық сенемін десе, 63 пайызы сенуге жақын. Сондай-ақ соттағы жемқорлықтың деңгейін сотқа келушілер орта мөлшермен 4,7 балға теңеп отыр. Жемқорлықтың ең жоғары көрсеткіші Тараз (6,6 балл) бен Алматы (6,4 балл) қалаларында тіркеліп отыр. Ең төменгі көрсеткіш Ақтөбе (3,7 балл) мен Өскемен қалаларында (3,5 балл) анықталды. Соттағы жемқорлықтың себебін респонденттердің бір бөлігі адамдардың өздерінің сотты өзіне тиімді етіп формалды емес түрде шешуге ұмтылуымен байланыстырса, ал тағы бір бөлігі халықтың ділі мен қалыптасқан дәстүрге сілтейді. Сауалнамаға қатысқан сотқа келушілердің 59 пайызы сот пен сот төрешілерінің жұмысына көңілі толатынын, 20 пайызы көңілі толмайтынын, 21 пайызы жауап беруге қиналатынын білдіріп отыр. Ақтөбе, Павлодар, Астана және Өскемен соттарының ісіне оң көзқарас басым болса, Қарағанды қаласында орташа, ал Алматы мен Тараз қалаларында төмен баға көбірек берілген. Сотқа келушердің 52 пайызы үшін сот пен сот төрешілерінің жұмысы туралы ақпарат қолжетімді емес.