Тараз тұрғынынан синтетикалық есірткінің ірі партиясы тәркіленді

Фото: Фото: ІІМ

Жамбыл облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 25 жастағы Тараз қаласының тұрғынын ұстады. Тінту кезінде оның күртесінен 92 дана көк түсті оралған зат табылып, тәркіленді, деп хабарлайды Kazinform.

Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген зат жалпы салмағы 47,86 грамды құрайтын «Альфа PVP» синтетикалық есірткі заты екені анықталған. Айғақтарды тексеру кезінде күдікті бұрын есірткі орамдарын жасырған орындарын көрсеткен. 

Нәтижесінде Тараз қаласының Төле би көшесінің бойында және үш шағын ауданнан тағы да салмағы 3,44 грамм болатын «Альфа PVP» синтетикалық есірткі затының 7 орамы табылған. Барлық тәркіленген есірткінiң салмағы 51 грамм 3 миллиграмды құраған. 

«Аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 296-бабының 4-бөлігімен, яғни, аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бапқа сәйкес, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Тергеу амалдары жалғасып жатыр», – деді Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы полиция полковнигі Әлім Бажықбаев. 

Бұған дейін Тараздың төрт тұрғынынан 29 келі кептірілмеген марихуана тәркіленгенін хабарлаған болатынбыз.