Тараз түрмесінде қырғызстандық өзін не үшін жарақаттағаны анықталды
«ЖД-158/4 түзеу мекемесінде (Тараз қаласы) сотталушы - Қырғызстан Республикасының 1981 жылы туған азаматы өз-өзінің ауыз тұсына жеңіл жарақат түсірген. Оған себеп - мекеме ішіндегі емханадан шығарылуына қарсылық болған. Ол сол жерде қыс бойы ем қабылдаған. Аталған факті бойынша Тараз қалалық ІІБ жедел тергеу тобы шақыртылды», - деп хабарлады комитеттің баспасөз қызметінен.
ҚАЖК мәліметтеріне сәйкес, сотталушының жазбаша өтінішінің негізінде Бас прокуратура оны Қырғызстанға ауыстыру туралы арнайы құжат дайындап, оны жіберген.
«Алайда көрші елдің Бас прокуратурасы оған келісім берген жоқ. Сотталушы 3-топ мүгедегі болып табылады. Бірақ оның мүгедектігі Қырғызстан Республикасының азаматы болғандықтан, тіркелмеген», - дейді баспасөз қызметі.
2016 жылы аса ірі көлемде есірткі заттарын тасымалдағаны үшін 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған сотталушының қазіргі жағдайы қанағаттанарлық.