Тараз университетінің экспедициясы киелі орындарды аралауға аттанды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттері Жамбыл облысы бойынша «Әулие ата - киелі мекен» атты экспедицияға шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі білім ордасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Туған жер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған экспедицияның жоспарында - жергілікті географияны, археологияны, сондай-ақ Жамбыл облысындағы ұлыстардың тарихын зерттеу, Қарахан мен Айша бибі, Тектұрмас пен Ақыртас кесенелері  сынды киелі орындарда болу.

«Бұл - соңғы жылдардағы екінші ірі экспедициямыз, - деді ТарМУ ректоры Махметқали Сарыбеков. - 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай біздің университетіміз «Ұлы халық жолымен» экспедициясын ұйымдастырды, оның нәтижесі бойынша Қазақ хандығының негізін қалаушылар - Керей мен Жәнібек хандардың Шу өзенінің сағасымен жүріп өткен жолының картасы жасалды.

ТарМУ Гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының өкілдері «Әулие ата - киелі мекен» екі апталық экспедициясы кезінде үш бағыт бойынша жүріп өтіп, Жуалы, Жамбыл, Талас, Сарысу, Байзақ, Шу, Мойыңқұм, Рысқұлов, Меркі және Қордай аудандарында болады.