АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ХХХІІІ Қазақстан чемпионатының бірінші турында «Тараз» клубы көш бастады.
Бірінші турдың екінші күні ел чемпионы алаң иелері — «Атыраумен» кездесті.
Бұл атыраулықтардың алғашқы ойыны еді. Ал тараздықтар бастапқы кездесуінде «Ұшқын-Көкшетауды» 3:0 есебімен қапы қалдырған еді.
Тараздықтар «Атырауды» 3:1 (25:21, 25:15, 24:26, 25:19) есебімен жеңіп, турнир кестесінде 6 ұпаймен көш бастады.
«Жетісу» (Талдықорған) тартысты матчта 3:2 есебімен (25:18, 21:25, 25:20, 20:25, 15:7) «Ұшқын-Көкшетаудың» меселін қайырып, «Ақтөбемен» ұпайы (5) теңесіп, екінші және үшінші орынды бөлісіп тұр.
Сондай-ақ «Есілді» (СҚО) 3:1 (25:21, 25:20, 19:25, 25:15) есебімен тізе бүктірген «Павлодар» клубы әзірге 3 ұпаймен төртінші сатыға табан тіреді.
Жұма күні «Жетісу» — «Ақтөбе», «Павлодар» — «Ұшқын-Көкшетау», «Тараз» — «Есіл», «Буревестник» — «Атырау» командалары өзара кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Ақтөбенің» «Павлодарды» ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ «Жайық» екінші рет қатарынан жеңіліп қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).