Таразда 23 жаңа автобус пайдалануға берілді

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда 23 жаңа қоғамдық көлік пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала аумағындағы қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС 20 бірлік «Zhong Tong» маркалы автобустармен жаңартылды. Ұзындығы 8,5 метрді, жалпы сыйымдылығы 55 адамды құрайтын бұл көліктер №11, 46, 28, 55 бағыттарда қызмет көрсетеді.

Ал, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС алған осындай маркалы 3 автобус №19 бағытқа қосымша қызмет көрсететін болады. Енді бұл бағыттағы қоғамдық көліктердің жүру жиілігі 14 минуттан 10 минутқа қысқарады.

«Облыс орталығындағы қоғамдық көліктердің жетіспеушілігіне қатысты мәселені субсидия арқылы шешу қолға алынып жатыр. Ол үшін бюджеттен 2 миллиард 200 мың теңге көлемінде қаржы қаралды. Жалпы, біз жыл сайын 70-100 жаңа автобус алу керекпіз. Алдағы үш жылда қоғамдық көліктер паркін жаңалап, жаңа бағыттармен шалғай тұрғын алқаптарды да қамтуға тиіспіз.

Қазіргі таңда қоғамдық көліктерді баламалы отын көзіне ауыстыру бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қоғамдық көліктерді тапсыру кезінде.

Жалпы алғанда, бүгінгі күнде Тараз қаласы бойынша 200 автобусқа қажеттілік туындап отыр. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру және тұрғындарды жолаушы көлігімен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленген. Соған сәйкес, жыл сайын қалаға 70 жаңа автобус жеткізу жоспарланған.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылатынын жазған болатынбыз.