Таразда 320 балғынға шақталған балабақша ашылды

None
ТАРАЗ. 4 шілде. ҚазАқпарат - Таразда қаласында 320 бүлдіршінге арналған балабақша ашылды.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Балапан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде бой көтерген «Толағай» балабақшасының ашылу салтанатына аймақ басшысы Қанат Бозымбаев қатысты.

Жалпы құны 491,2 млн.теңгені құрайтын әлеуметтік нысанның бас мердігері «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС құрылыс жұмыстарын өткен жылдың ортасында қолға алған.

Жаңа балабақшада топ саны - 16, балалар қазақ және орыс тілдерінде білім алады.Қазіргі уақытта Тараз қаласында «Балапан» бағдарламасы шеңберінде (3-6 жас) мектепке дейінгі біліммен қамту 74,2 пайызды құраса, жалпы мектепке дейінгі (1-6 жас) біліммен қамту 49,6 пайызды құрап отыр.

Бүгінгі күні Тараз қаласында 38 балабақша, 26 шағын орталық, 6 жеке балабақша және 2 жекеменшік шағын орталық жұмыс істеуде.
Жыл соңына дейін «Бәйтерек» мөлтек ауданында 260 балаға арналған жеке балабақша ашылады деп жоспарлануда, осыған қоса, «Жайлау» мөлтек ауданында да 280 орындық балабақшаға күрделі жөндеу жүмыстары жүргізілуде, ол үстіміздегі жылдың 10 қазанында аяқталады деп көзделіп отыр.