Таразда әлеуметтік нан қымбаттады

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Облыс орталығында нан бағасы 5 теңгеге қымбаттап, 50 теңгеге жетті.

Таразда нан бағасы елдегі ең арзан баға болған. Тараздық он наубайхана 2012 жылдан облыстық тұрақтандыру қорымен бөлкесінің құны 35-36 теңгені құрайтын нан пісіру жөнінде шарт жасасқан. Тасымалдау шығынын есептей келе, нан бөлкесі 45 теңгеден сатылды.

«ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінен хабарлағандай, бүгінде тұрақтандыру қорындағы өнім таусылды, әлеуметтік бидайды сатып алуға арналған мемлекеттік субсидиялар қысқарды.

Сондықтан 15 қазаннан ұнның бағасы орташа алғанда 56 теңгені құрады. Нанның өзіндік құны - 42-43 теңге, ал сауда нүктелерінде ол 50 теңгеден сатылып жатыр.

Еске сала кетейік, 2015 жылдың басында Таразда нан бағасы 45 теңгеден 50 теңгеге көтерілген. Алайда баға дереу бұрынғы қалпына келтірілді.

Таразда, сонымен қатар, қант пен өсімдік майының бағасы шамамен 20% қымбаттады.

Облыстық әкімдікте тұрғындарды қолдау мақсатымен апта сайын Тараздың Орталық алаңында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылатынын айтты. Онда тауарлар бағасы нарықтағыдан 15-20% төмен.