Таразда спорт кешенінің басшысын бопсалаған үш адам сотталды
ТАРАЗ. KAZINFORM — Таразда блогер мен оның сыбайластары спорт кешені туралы жазбаны өшіру үшін басшылықтан 2 млн 500 мың теңге, бір қызметкерді жұмыстан шығарып, екіншісін жұмысқа қайта алуды және спортзалға екі жылдық абонемент талап еткен.
Блогер Абай Жүндібаев (Сократ) өзінің Facebook парақшасында түрлі мемлекеттік органдарды сынап, үнемі сыбайлас жемқорлық туралы жазбалар жариялап отырады. Өткен жылы «Тараз Арена» спорт кешені де блогердің назарына ілікті. Бірақ ол жазбаға өз жерлестерінің немесе жоғары лауазымды тұлғалардың ресми жауабын күтпестен спорт кешенінің директоры Жанат Бабаевты бопсалау арқылы «ақша табуға» шешім қабылдады.
Ол бұл іске тағы екі адамды тартқан. Олар ақшаны алып, Жүндібаевқа қауіпсіз жағдайда тапсыруы тиіс болған. Блогер спорт кешенін сынаған жазбасын өшіргені үшін 2,5 миллион теңге талап еткен. Сондай-ақ, алдағы уақытта бұл ақпараттың таралмауы үшін бір қызметкерді жұмыстан шығарып, керісінше, басқа бір әйелді жұмысқа алуды талап еткен. Спорт кешенінің директоры барлық шарттармен келісіп, талап етілген соманы төлеп, үстеме ретінде спорт залға екі жылдық абонемент берген.
Сот отырысында блогер өз кінәсін толық мойындап, соттан бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды сұрады. Оның сыбайластары кінәларын мойындамай, соттан өздерін ақтауды сұрады.
Мұндай заңбұзушылықта Қылмыстық кодекстің 194-бабының 2-бөлігімен (Қорқытып алу) жаза ретінде мүлкі тәркіленіп, бас бостандығын шектеу немесе 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Прокурор айыпталушыларды 4 жарым жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Судья бопсалауға қатысушылардың үшеуін де кінәлі деп тапты. Абай Жүндібаевқа үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ екі сыбайласы да үш жылға бас бостандығынан шектелді.
Еске салайық, Ақтөбеде ауыл тұрғынын бопсалаған үш күдікті қамалды. Күдіктілер жәбірленушіден 2 млн теңге талап еткен.