Таразда арақ шығаратын жасырын цех жойылды

None
ТАРАЗ. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Қаржы полициясының қызметкерлері Таразда алкоголь өнімдерін шығаратын жасырын цехты әшкереледі,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы Мақсат Алтынбектің ақпаратына қарағанда, биылғы мамыр айында шамамен 500 мың есептеу-бақылау маркаларын, алкоголь өнімдерінің термоқақпақтарын, сондай-ақ 35 литр этиль спиртін сату кезінде облыс орталығының тұрғыны ұсталды. Тауарлардың жалпы құны ? 26 мың теңгеден асады.Осы оқиғаны тексеру кезінде Самарқанд көшесінің бойындағы жеке үйдің ауласынан алкоголь өнімдерін шығаратын цех анықталды. Цехты тексерген кезде онда 60 литр көлемінде этиль спирті, «Парламент», «Пшеничная», «Континент» деген жазулары бар бөтелкелер қақпақтары табылып, тәркіленді. Әділет министрлігінің сот сараптамалық ғылыми-өндірістік зертханасының қорытындысы бойынша, есептеу-бақылау маркалары қолдан жасалған болып шықты. Жамбыл облысы салық департаментінің мәліметтері бойынша, цех иесі жеке кәсіпкер ретінде де, заңды тұлға есебінде де тіркелмеген. Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.