Таразда Әулиеата ықшамауданы Балауса деп өзгертілді
ТАРАЗ. KAZINFORM – Таразда Әулиеата ықшамауданы қаланың осы аттас жаңа әкімшілік ауданының құрамына енгендіктен, атауы Балауса болып өзгертілді.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда Тараз екі әкімшілік ауданға бөлінген болатын – «Әулиеата» және «Жібек жолы». Сол кезде жаңа 14-ықшамауданға Әулиеата атауы берілген еді. Алайда, ол қаладағы дәл осы аттас аудан аумағына кіргендіктен, атаулардың қайталануы түсінбеушілікке алып келіп жатыр
Мұндай жағдайда қай атаудың бүкіл ауданға, қайсысының тек ықшамауданға қатысты екені анық болмай қалуда.
Сондай-ақ бұл мемлекеттік органдардың жұмысында, ресми құжаттарда, іздеу жүйелерінде және картографиялық сервистерде қиындық туғызған. Осы себепті ықшамаудан атауын өзгерту туралы шешім қабылданды.
Жаңа атау – Балауса – белгілі бір тарихи немесе фольклорлық тұлғаның есімі емес. Бұл сөз халық арасында жастықпен, сергектікпен және жаңа бастамалармен түсіндіріледі.
Қазір ықшамауданда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Даму жоспарына сәйкес, мұнда алдағы жылдары 145 тұрғын үй – 64 таунхаус пен 81 көпқабатты үй бой көтереді.
Сондай-ақ екі мектеп, үш балабақша, онкодиспансер, көпсалалы аурухана, салалық емхана, лицей-интернат, Достық сарайы, инновациялық шығармашылық орталық, спорт-сауықтыру кешені, инженерлік нысандар мен кәсіпкерлік орталықтар салынады.
Әкімдіктің мәліметінше, бұл жерде шамамен 14,4 мың адам тұратын болады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Таразда шулы сауда орталығы сот шешімімен оқшауланады.