Таразда автокөлік жүк пойызы және автобуспен соқтығысты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Таразда болған ірі жол-көлік апатынан автокөліктің жүргізушісі мен жолаушы жарақат алды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 мамырда Бурыл станциясы кірме жолының (Тараз-Жаңатас учаскесі) жеке теміржол өткелінде жол-көлік оқиғасы тіркелді. «Mercedes» маркалы жеңіл автокөліктің жүргізушісі өткелден өту ережесін бұзған. Салдарынан жүк пойызының вагондарына және маршруттық автобусқа соқтығысқан.
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі хабарлағандай, жол-көлік оқиғасынан мерт болғандар жоқ. Алайда екі адам – 57 жастағы көлік жүргізушісі мен 13 жастағы жолаушыға медициналық көмек қажет болды. Ауруханаға жеткізілген екі адамға «мидың шайқалуы» диагнозы қойылды.
Бұған дейін Елордада жасөспірімді автобус қағып кеткенін жазған едік.