Таразда соққыға жығылған депутаттың ісіне қатысты мән-жай анықталып жатыр
ТАРАЗ. KAZINFORM – Кеше кешке Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының депутаты, заңгер Нұрлан Байғазиев Тараз қаласының орталығында соққыға жығылды.
Қазақстандық БАҚ-та Байғазиевтің есімі бірнеше апта бұрын полицейлердің кәмелетке толмаған қызға көлігіне мінуге ұсынып жатқаны түсірілген бейнені жариялағаннан кейін шықты. Тексерістен кейін полиция қызметкерлері жұмыстан босатылды.
Таразда заңгер клиентпен кездесуде болған. Сағат 18:00 шамасында белгісіз біреумен сөзге келіп қалып, соққыға жығылады.
Оқиға басында депутат тудырған атышулы оқиғамен байланыстырылды, бірақ мән-жай бүгін таңертең желіде пайда болған жанжал видеосынан кейін айқындалды.
Қоғамдық тамақтану орнында қолында баласы бар әйел отырған диванның жанында екі ер адам жанжалдасып тұрады. Төбелеске телефонды қуаттағыш құрал себеп болған. Адвокат телефонын ер адам мен әйелі отырған орындықтың қасында қуаттамақ болған. Алайда бұл ерлі-зайыптыларға ұнамаған.
Оқиғадан кейін депутат ауруханаға жеткізілді.
Жамбыл облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, осы оқиға бойынша іс қозғалды.
- Оқиғаға қатысы бар адам анықталып, полицияға жеткізілді. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 293-бабының 1-бөлімі (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр, - деп жауап берді ведомстводан.
Осыған дейін Жамбыл облысында балабақша басшылығы бюджеттен 45,2 млн теңге жымқырғаны туралы жаздық.