Таразда «Домалақ ана» пьесасының премьерасы өтті

None
ТАРАЗ. 29 қыркүйек. ҚазАқпарат - Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 80 жылдығына арналған мерейтой салтанатының аясында кеше кете Тараздың облыстық қазақ драма театрында оның «Домалақ ана» пьесасының премьерасы болды.

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театры қойған спектакльдің көрермендер залында ине шаншар орын болмай, даңқы жерлестерінің пьесасы бойынша қойылымды көруге ынтық болған жұрт залға сыймай кетті. Бәйдібек рөлін белгілі қазақстандық актер Тұңғышбай әл-Тарази сомдады.

"Қазақ әйелдерінің тарихи образдарының арасында Домалақ-ананың бейнесі ерекше орын алады. Спектакльдің премьерасы халық жазушысы Шерхан Мұртазаның өзінің мерейтойы күндерінде жерлестеріне жасаған үлкен тартуы болды. Қойылымның тамаша шешімі, пьесаның тағылымды әдеби мәтіні, актерлердің өнері қаламгер талантына табынған көрермендердің көңілінен шықты", - деп өз әсерлерімен бөлісті қала тұрғыны Гүлшеһра Зияутдинова.

Домалақ-ананың шын есімі Нұрила - ел ұранына айналған абыз аналардың бірі. Түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі . Ол 1378 ж. Түркістан қаласында өмірге келген. Атасы Мақтым Ағзамның өсиетімен Домалақ ана он тоғыз жасында (1397) Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Ел ішіндегі деректерге қарағанда, оған «Дихнат мама» деген атауды түп тегі түрікпен Қара Хайдар деген кісі қойған. «Дихнат мама» - парсы сөзі. Қазақ тілінде «Әулие ана» деген мағына береді. «Дихнат мама» сөзі уақыт өте келе дыбыстық өзгерістерге ұшырап, «Домалақ анаға» айналған. Одан тараған ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылымен ерекшеленіп, ел билеген. Домалақ ананың қадір-қасиеті ерте-ақ танылған. Ел аузында ол кісі жөнінде аңыз-әңгіме көп. Домалақ ана өмірінің соңғы жылдары Ташкент қаласында өтеді. Алайда ері Бәйдібектің түсінде берген аяны бойынша, өздерінің ескі қонысы Қаратауға барып тұруға қамданып, жол шегеді. 1456 жылдың жиырма сегізінші мамырында көш Балабөген өзенінің жағасына жеткен кезде Домалақ ана сол жерде намаз оқып тұрып көз жұмады. Өзінің тілегі бойынша Домалақ ана сол жазыққа жерленеді. Айналасын көгілдір таулар қоршаған сол жазықта қазір бозарып сәулетті күмбез көрінеді. Ол - Домалақ ана кесенесі. Кесене 1957 ж. қайта жөндеуден өткізілді. Әулие ананың қасиетін қастерлеген ұрпағының ана бейітіне ағылған ізі, салған жолы ескіріп көрген емес. 1996 ж. Маңғыстаудан арнайы әкелінген ақ таспен жаңадан 12 м биіктікте сегіз жапырақты етіп өріліп, негізгі бөлігінің үстіне күмбез орнатылған. Бұл күмбез-зират елдің арнайы келіп зиярат ететін орнына айналған.