Қалада ыстық суды жоспарлы түрде өшірудің бір айлық кезеңі аяқталып, жылу энергетиктері тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен қайта қоса бастады. Алайда қаланың екі шағынауданының тұрғындары күздің ортасына дейін күтуге мәжбүр болады.
15 сәуірден бері жалғасқан гидравликалық сынақтар мен қазандықтарды жөндеу жұмыстары түріндегі бір айлық кезең артта қалды. 14 мамырдан бастап ыстық су қала тұрғындарының пәтерлеріне кезең-кезеңімен беріле бастайды.
Жалпы қалада орталықтандырылған ыстық сумен қамтылған 1039 көпқабатты үй бар. Оның 942-сіне «Таразтрансэнерго» МКК қызмет көрсетсе, 97 үй «Жамбыл-Жылу» мекемесінің қарауында.
Жүйе жалпы іске қосылғанына қарамастан, Самал және Алатау шағынаудандарындағы 100 көпқабатты үй үшін жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Ресми мәлімет бойынша, бұл жерде 2026 жылдың 1 қазанына дейін ыстық су болмайды.
Ыстық суды кешіктіріп берудің екі себебі айтылды: магистральдық М-3 жылу желісін қайта жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңі басталған, сондай-ақ Самал мен Алатау шағынаудандарындағы ішкі жылу құбырлары қатты тозған. Осыған байланысты оларды жаңғырту жобаларын жүзеге асыру жоспарланған.
Әлеуметтік желілерде наразылық толқыны басталды. Тұрғындар ашуға булығып, жөндеуге неге соншалықты көп уақыт қажет екенін түсіндіруді талап етіп, әкімдіктен процесті қалай да жеделдетуді сұрап жатыр. Қалалық билік тұрғындарды жағдайды түсіністікпен қабылдауға шақырады.
Бұған дейін Жамбыл облысының Шу ауданында жалпы ұзындығы 263 шақырымнан асатын 42 каналды реконструкциялау және бетондау жұмыстары басталғаны хабарланған.