Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 3 қазан күні сағат 17:00 шамасында Абай көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында болған. Бірнеше адам 24 жастағы ер адамға пышақ жарақатын салып, оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленуші алған жарақатынан сол жерде көз жұмды. Оқиға туралы полицияға куәгерлер хабарлаған.
Жамбыл облысының полиция департаменті адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.
— Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері күдіктіні «ізін суытпай» ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында, — деп хабарлады ведомство.
Шабуылға қанша адамның қатысы болуы мүмкін екені және оның себебі әзірше ресми түрде айтылған жоқ. Алайда расталмаған мәлімет бойынша, қылмысқа қызғаныштан туындаған келіспеушілік себеп болуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Қостанайда бұрынғы әйелін қызғаныштан атып өлтірген ер адам 12 жылға сотталғанын жазғанбыз.