Жылы ауа райына үйреніп қалған тараздықтарды өткен қыс біршама әбіржітті. Мұның үстіне көктем де құбылмалы болып тұр. Өткен аптада облыс орталығында күн күрт ысыды. Наурыз мерекесінде термометр бағаны, тіпті 28 градусқа дейін көтерілді. Бірақ бұл айдың соңында солтүстік-шығыстан суық жел соқты, оның арты мұздай жаңбырға ұласып, температура 0 4 градусқа дейін төмендеді.
Дегенмен облыс орталығындағы жеміс ағаштарының барлығы гүлдеді, қызғалдақтар бой түзеді. Түнерген аспан астындағы осынау көріністер көңілге қуаныш ұялатады.
Тау шатқалдарында қызғалдақтар ашыла бастады, Таразға жақын алма бағында да осындай көріністер. Дегенмен бағбандарда гүлдеген жеміс ағаштарын үсік шалуы мүмкін деген қауіп те жоқ емес.Ондай жағдайда мол өнім алудың ауылы қашықтамақ.
Қазгидрометтің жамбылдық метеорологтарының болжамына қарағанда, сәуірде орташа ауа температурасы 11 14 градус маңайында болмақ, бұл нормадан екі градусқа жоғары.
Бірақ алғашқы онкүндікте түнде 0-ден 5-ке, күндіз 5 -тен 10 гадусқа дейін ғана жылы болады.