Таразда халықаралық сән фестивалінде ұлттық нақыштағы киім үлгілері таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Тараз қаласындағы «Көне Тараз» этно-мәдени кешенінде «Мұра коды» тақырыбымен ASPARA FASHION DAY 2026 халықаралық сән фестивалі өтті, деп хабарлады Жамбыл облысының әкімдігі.

Фото: Kazinform

21 қарашада өткен мәдени іс-шараның мақсаты – қазақ халқының ұлттық мұрасын заманауи сән индустриясымен ұштастыру, отандық дизайнерлерді қолдау, қолөнер дәстүрлерін дәріптеу және өңірдің мәдени-туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныту.

ASPARA FASHION DAY – дизайнер, «ASPARA» сән үйінің негізін қалаушы Айдархан Қалиевтің бастамасымен дамып келе жатқан халықаралық жоба. Жыл сайын ұйымдастырылатын фестиваль отандық және шетелдік дизайнерлер арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға бағытталған.

Биыл фестиваль аясында қолөнершілер көрмесі, концерттік бағдарлама, халықаралық форум және сән көрсетілімі ұйымдастырылды.

Фото: Kazinform

«Көне Тараз» кешеніндегі көрмеге 33 шебер қатысып, ұлттық қолөнер бұйымдарын, дәстүрлі әшекейлерді, кәдесыйлар мен авторлық туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар өнерпаздар ұлттық және заманауи музыкалық шығармаларды орындады.

Іс-шараның маңызды бөліктерінің бірі Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен халықаралық форум болды. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, сән индустриясының мамандары, дизайнерлер, шығармашылық қауымдастық өкілдері мен студенттер қатысты.

Форумда ұлттық мәдени мұраны сақтау, сән индустриясын дамыту, креативті экономика мен туризмнің байланысын нығайту мәселелері талқыланды.

Фото: Kazinform

– Фестивальдің басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық мәдени мұрасын заманауи сән индустриясымен ұштастыру, отандық дизайнерлердің шығармашылығын қолдау, қолөнер дәстүрлерін дәріптеу және Жамбыл облысының мәдени-туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныту. Фестиваль аясында қолөнершілер көрмесі, концерттік бағдарлама, халықаралық форум және сән көрсетілімі ұйымдастырылды, – делінген ұйымдастырушылар ұсынған ақпаратта.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов өңірдегі мәдениет, шығармашылық индустрия және туризм салаларын дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Облыс әкімдігінің туризм саласына жауапты басқарма басшысы Дастан Айдарханов фестивальдің өңірдің туристік тартымдылығын арттырудағы маңызын атап өтті. Ал «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының өкілі Ақбота Қайырханова халықаралық іс-шаралардың Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілетудегі рөлі туралы айтты.

Фестивальдің негізін қалаушы Айдархан Қалиев ұлттық сән өнерін халықаралық деңгейде таныту, жас дизайнерлерді қолдау және шығармашылық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне назар аударды.

Фото: Kazinform

Кештің басты оқиғасы «Мұра коды» халықаралық сән көрсетілімі болды. Онда ұлттық мәдени элементтер мен заманауи дизайнерлік шешімдер үйлескен авторлық топтамалар ұсынылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль Тараздың Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи-мәдени орталық ретіндегі ерекшелігін танытып, сән, қолөнер және туризм салалары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.

2021 жылы Тараз Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің шешімімен «Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» мәртебесін алған.

Айта кетейік, бұған дейін Таразда өткен «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық фестивалі аясында ASPARA FASHION WEEK сән апталығының XVII маусымы ұйымдастырылып, ұлттық нақыштағы киім үлгілері көрсетілген еді.