Таразда қар үш тәуліктен бері толастамай тұр
02:11, 19 Ақпан 2017
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының аумағында күн райы бұзылатындығы туралы кезекті ескерту жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Таразда және облыс аудандарында 17 ақпан күні басталған қар әлі толастар емес, осы күндері бір айлық мөлшердің жартысынан астамы түсті. Қардың қалыңдығы 30-40 сантиметрді құрайды.
Жамбыл облыстық ТЖД-дан мәлім еткендей, алдағы тәулікте қардың түсуі тоқтамайды. Онымен қоса, желдің екпіні 28 м/с-қа дейін күшейетін болады.
«Қазақавтодор» РММ, облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы және төтенше жағдайлар жөніндегі аудандық бөлімшелердің кезекші қызметтерінің мәліметі бойынша, Жамбыл облысы аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар, Қордай, Құйық, Шақпақ және Хантау өткелдерін қоса алғанда қозғалыс үшін ашық тұр.
Облыста электр және газбен қамтамасыз ету тұрақты, еш шектеусіз, деп нақтылады Жамбыл облыстық ТЖД-дан.