Таразда Қарахан мемлекетінің ақша айналымын айғақтайтын жәдігерлер көрсетілді

АСТАНА.KAZINFORM — Халықаралық археологтар күніне орай «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Тараз археологиясы: Қарахан мемлекетінен қалған нумизматикалық жәдігерлер» атты көрме ашылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

— Көрмеге Тараз қаласындағы археологиялық ескерткіштерді зерттеу барысында табылған, Қарахан мемлекеті кезеңіне жататын 104 нумизматикалық жәдігер қойылды. Олардың қатарында тиындар мен басқа да археологиялық олжалар бар, — делінген хабарламада.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ұсынылған жәдігерлер ортағасырлық кезеңдегі ақша айналымы мен сауда-экономикалық байланыстарды зерделеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Тараздың Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды орталықтардың бірі болғанын айғақтайды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Музей-қорық мамандары келушілерді жәдігерлердің тарихымен, оларды зерттеу ерекшеліктерімен және өңірдің археологиялық мұрасымен таныстырды.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында Қаңлы дәуірінің құнды жәдігерлері табылған болатын.