8 қазан күні «Баласағұн» ОКЗ-да «Мәңгілік ел» атты халықаралық ақындар айтысы өтеді. Мұнда Қазақстан, Қытай және Моңғолия елдерінен жиналатын 26 жыр жүйрігі бақ сынамақ.
Ішкі саясат басқармасынан атап өтілгендей, шараның негізгі міндеті - өскелең ұрпақ арасында мәдени мұраны насихаттау, халық шығармашылығы мен жас ақындарға қолдау көрсету, Ұлы даланың тарихи дамуының жаңа парақшаларын ашу.
«Бұл үздік ақындар біздің еліміз бен оның тәуелсіздігін жырға қосатын айтыс болмақ», - дейді Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев. Ол шараның «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын насихаттау аясында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өткізіліп отырғанын атап өтті.
Айтысқа Айнұр Тұрсынбаева, Ринат Зайытов, Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Алтынкүл Қасымбекова секілді танымал қазақстандық ақындар қатысады деп жоспарланып отыр. Олармен жамбылдық жас сөз шеберлері - Қанат Мырзахан, Даржан Әбдіманат және Нұрлыбек Құрманов сайысқа түседі.
«Мәңгілік ел» халықаралық ақындар айтысы іріктеу кезеңі мен ақтық кезеңнен тұрады. Оны Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иесі, халықаралық ақындар одағының төрағасы, жыршы-термеші Жүрсін Ерман жүргізеді.
Бұдан басқа, айтыс кезінде республикалық жас ақындардың жабық мүшайрасының марапаттау рәсімін өткізу жоспарланып отыр.