Таразда «Қазақстандық Барысты» салтанатты түрде қарсы алды

ТАРАЗ.  26 қыркүйек. ҚазАқпарат - Таразда Астана қаласынан жеңіспен оралып, «Қазақстан Барысы-2012» атағын иеленген жамбылдық палуан Бейбіт Ыстыбаевты салтанатты түрде қарсы алды.

Жамбыл облыстық әкімдігінің туризм, спорт және денешынықтыру басқармасынан хабарлағандай, астаналық «Сарыарқа» велотрекінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін өткен қазақ күресі бойынша республикалық жарысқа 30-дан астам қазақстандық палуан қатысты.

Жарыстың басты жүлдесі - алтын белбеу, «Алтын тайтұяқ»  кубогы, сондай-ақ 150 мың АҚШ доллар сомасына сертификат пен автомобиль.

Ақтық жарыста 2011 жылғы жарыстың күміс және қол жүлдегерлері Бейбіт Ыстыбаев (Жамбыл облысы) пен Шалқар Жоламанов (ШҚО) кездесті.

Бейбіт Ыстыбаевтың айтуынша, ол өзінің жеңісін жерлес жамбылдықтар мен ата-анасына арнаған.

Елдің үздік палуанын тараздық жаттықтырушы Елдос Далабай баптады. 27 жастағы жамбылдық палуанның бойы 193 см, салмағы  135 келі, қазақ күресі бойынша халықаралық спорт шебері, Азия чемпионы.