Таразда қоғамдық талқылаудан кейін тек 27 терек кесілетін болды

АСТАНА. KAZINFORM — Таразда көшедегі ағаштарды кесу мәселесі бойынша өткен ашық кездесуден кейін кесілетін ағаштардың нақты саны анықталды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Алексей Поляков / Kazinform

Талқылауға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, жауапты мекемелердің өкілдері, сала мамандары және тұрғындар қатысты.

Кездесу қорытындысы бойынша санитарлық жағдайы қанағаттанарлықсыз деп танылған 27 теректі ғана кесу туралы шешім қабылданды. Мұндай қорытындыны Ботаника және фитоинтродукция институты жүргізген зерттеу негізінде шығарған. Мамандар ағаштардың ауруға шалдығуын, биологиялық жасын, өміршеңдігін және адамдарға қауіп төндіру ықтималдығын бағалаған.

Тұрғындар көшенің жасыл желексіз қалмауын сұрады. Қала әкімдігі кесілетін теректердің орнына биіктігі 2,5 метрге дейін жететін 100 көшет отырғызылатынын мәлімдеді. Жобаға сәйкес, көше бойына 50 жасыл шаған және 50 катальпа ағашы егіледі.

Мамандардың айтуынша, бұл ағаш түрлері өңірдің климатына бейімделген және қаланы көгалдандыруға қолайлы. Алайда олардың өсіп, ересек теректердің орнын басуы үшін уақыт қажет.

Кездесу барысында тұрғындар жаңа көшеттерді күтіп-баптау мәселесіне де алаңдаушылық білдірді. Олар суару қалай ұйымдастырылатынын, көлеңкелі аумақтардың сақталатынын және абаттандыру жұмыстарының сапасын кім бақылайтынын сұрады.

Бақытжан Орынбеков тұрғындардың ұсыныстары ескерілетінін айтып, суару жүйесі бұған дейінгі жобаларда жіберілген кемшіліктерді назарға ала отырып ұйымдастырылатынын жеткізді.

Әкімдік мәліметінше, қазір Төле би көшесіндегі абаттандыру жұмыстарының шамамен 30%-ы аяқталған. Жобаны толық қазан айында аяқтау жоспарланып отыр.

Бұған дейін Тараз билігі қала орталығында 90 теректі кесуді жоспарлағаны хабарланған болатын.

Сондай-ақ Жамбыл облысында орманды алқапқа 143 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланған.