Таразда көлік басқарған жасөспірім полицейлерден қашуға тырысты

Фото: Видеодан скрин

ТАРАЗ. KAZINFORM — Таразда Mercedes көлігін тізгіндеген жасөспірім жол қозғалысы ережесін бұзып, патрульдік полицейлердің тоқтауын елемеген. Алайда кәмелетке толмаған бала көп ұзамай ұсталды.

Полицейлер қала көшелерін аралау кезінде жүргізушісі жол ережесін өрескел бұзған Mercedes-Benz автокөлігін байқайды. Ол полицейлердің тоқтатқанын елемей, жолдың қарсы бетіне шығып, қашуға әрекеттенген.

Белгілі болғандай, көлікті жүргізуші куәлігі жоқ кәмелетке толмаған жасөпірім басқарған. Ол көлікті заңды иесі — әпкесінің рұқсатынсыз алған.

Полицияның мәліметінше, жасөспірім мен көліктің иесі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бірнеше бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Автокөлік арнайы айып тұрағына қамалды.

Полицейлер ата-аналарды балаларының іс-әрекетіне мұқият болуға және рұқсатсыз көлік жүргізуіне жол бермеуге шақырады. Мұндай жағдай жасөспірімге де, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да ауыр зардап әкелуі мүмкін.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысындағы трассада жол-көлік оқиғасы болып, бір адам көз жұмды.