Таразда құрылысы «ғасырға жалғасқан» ғимаратта сауда ойын-сауық орталығы ашылады

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласында Наурыз мейрамын мерекелеу қарсаңында жаңа сауда ойын-сауық орталығы ашылады, - деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметінен.

«Құрылысы өткен ғасырдан осы кезеңге дейін созылып келген ғимаратта «Дос-Нар» кешені ашылмақ, - дейді қала әкімшілігінің қызметкерлері - 2012 жылы Тараз қаласында осыдан 30 жыл бұрын қонақүй ретінде салына бастаған ғимарат пайдалануға берілді. Қазір онда мемлекеттік құрылымдар орналасқан. Ал мына «ғасыр құрылысы» ұзақ уақыт бойы иесіз қаңтарылып, маңайындағы Мәңгілік алаудың, әсем гүлзар мен саябақтың көркін бұзып тұрған еді».     

Бұрынғы Мәдениет сарайын өңірде бұрын аса өркендеген тері шикізатын өңдеу және аяқ киім тігу саласының жұмыскерлерінің «мәдениет ошағы» ету көзделген еді. 1974 жылы салына бастаған сарай құрылысы ұзаққа созылып кеткен, ал, аталмыш сала құлдырап, Кеңес Одағы құлаған соң бұл ғимарат бос қалған.

2013 жылы «Дос-Нар» ЖШС жартылай бұзылған құрылыс нысанын сатып алып, ғимаратты толығымен қайта қалпына келтірді. Қазіргі сәтте құрылысты қалпына келтіру жұмыстары аяқталып қалды.

Үш қабатты кешеннің жалпы аумағы 12 мың шаршы метрді қамтиды. «Дос-Нар» серіктестігі бұл жерде кептірілген жемістер, жеміс-жидектер мен ет өнімдерін, сондай-ақ тоңазыту жабдықтарын сататын сауда мини-маркеттері мен азық-түлік өнімдерінің сапасын анықтайтын зертхана, өнеркәсіп тауарларын сататын дүңгіршектер ашпақ. Сонымен қатар, балаларға арналған ойын-сауық орталығы мен 3D және 4D кинотеатры да қарастырылып отыр, дейді «Дос-Нар» кешенінің әкімшілігінің өкілдері.