Таразда мәшинемді өртеді деп облыс әкімінің орынбасарына жала жапқан Нұрлан Қанатов 3,5 жылға сотталды

Фото: Фото: Нұрлан Қанатовтың Facebook парақшасынан алынған

Сотталушыға адамды ауыр қылмыс жасады деп айыптауға ұласқан көрінеу жалған сөз жеткізді деген айып тағылды. Бұл - Қылмыстық кодекстің 419-бабы 3-бөлімінде көзделген қылмыс, деп хабарлайды Kazinform №2 қалалық сотқа сілтеме жасап. 

2022 жылдың қазан айында сотталушы Нұрлан Қанатов өзін саяси жағдайдың құрбаны деген ой қалыптастыру мақсатында көлігінің өртенген бейнежазбаларын Facebook әлеуметтік желісіне таратқан. Соттың мәліметінше, көлікті өртеуге өзі тапсырыс берген. 

Сосын көлігінің өртенгенін ұйымдастыруда облыс әкімінің орынбасарын айыптап, тиісті арызбен Жамбыл облысы ПД-на жүгінген.

Бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғалып, қылмыс құрамы болмауына байланысты іс қысқарған. 

Осылайша К. қылмыс жасалғаны туралы көрінеу жалған сөз жеткізген.

Сотталушының кінәсі куәлердің айғақтарымен, бейнежазбалармен, айғақ заттар арқылы дәлелденді.

Прокурор сотталушыны 5 жыл 4 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушы өз кінәсін мойындамады.

ҚК 419-б. 3-б. санкциясында 3 жылдан 8 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде оның кәмелетке толмаған балаларының бар екені есепке алынды.

Жазаны ауырлататын мән-жай жоқ. 

Соттың үкімімен К. 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.