Таразда металл сынығын қабылдау орнында артиллериялық арсенал табылды

ТАРАЗ. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Таразда «Резеңке-техникалық бұйымдар» ЖШС-нің аумағында орналасқан металл сынығын қабылдау орнында артиллериялық оқтұмсықтар арсеналы табылды.

Бұл туралы Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Металл сынығын қабылдайтын орынның қожайынының айтуынша, «әскери жүкті» оған «Москвич» көлігіне мінген біреу әкелген. Әлгі азамат металдың әр келісін 17 теңгеден өткізіп кеткен», дейді департаменттің баспасөз қызметінің жетекшісі Роза Қалдыбекова.

Төтенше жағдайлар ведомствосының қызметкерлері мен полицейлер осы қабылдау орнынан КМ-30 гаубицасының 18 оқтұмсығын тапқан, оның алтауы - істен шыққан жарықшақты-фугасты оқтұмсық болған.

Департамент өкілі полиция майоры Дәурен Ғұмаровтың айтуынша, «051» қызметіне бұрынғы резеңке зауытының аумағында артиллериялық миналардың жатқаны туралы қоңырау түсе салып, оқиға орнына облыстық барлық жедел қызметтері жеткен. Жол полициясы мен патрульдік полиция серіктестік пен оның маңайындағы аумақты қоршаған. Кәсіпорынның ішінде болған адамдардың барлығы қауіпсіз аумаққа көшірілген.

Табылған барлық арсенал арнайы көлікпен Жамбыл ауданының Айша бибі ауылындағы полигонға жеткізіліп, сонда көзі жойылған.

Полицейлер төтенше оқиға фактісі бойынша жедел-тергеу шараларын жүргізуде.