Таразда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту кешені ашылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Тараз қаласының Мамыр тоғайында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Асар» оңалту-сауықтыру орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Асар» оңалту-сауықтыру кешенінің құрылысы былтыр басталған еді. Кешен құрылысына 57 миллион теңге жұмсалса, оған «Айқын МСБ» ЖШС демеушілік ете білді. Бюджет қаржысы шығындалған жоқ.

Жергілікті билік тарапынан 0,9 га жер бөлінген, ондағы нысандардың жалпы ауданы 900 шаршы метрден асады. Кешеннің негізгі міндеті – мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуіне, оның қажетті бір бөлшегі екендігін сезіндіруге, оларды кәсіпке баулып, өздерінің физикалық мүмкіндіктеріне сәйкес табыс табуға ықпал ету. Орталықта бір мезетте 60 адамға дейін оқып, жұмыс істей алады.


Кешен екі корпустан – негізгі және бизнес-инкубатордан, яғни шеберханалардан тұрады. Біріншісінде 30 бөлме болса, бизнес-инкубаторда тағы сегіз бөлме бар. Мүгедектігі бар адамдар үшін жеті тігін, үш токарлық, фрезерлік және лазерлік станоктар, усақтағыш қондырғылар орнатылған. Орталықта өз бетінше қозғалып немесе отырып жұмыспен айналыса алатын келушілер жұмысқа орналасу немесе өз ісін ашу үшін жаңа кәсіптерді игеретін болады.


Барлық бөлмелер қажетті жиһаздармен жабдықталған, спортпен шұғылдануға ниеттілер үшін велотренажер, теннис үстелі және жүгіру жолақтары да қамтылған.

«Осыдан бір жыл бұрын біз келесі жылы жаңа кешен салынады деп уәде берген едік. Уәде орындалды. Енді кешенді кеңейтіп, монша, бассейн, иппотерапия орталығын салу қажет. Сіздер үлкен күш-жігерге иесісіздер, кездескен қиындықтарды жеңуде және мақсатқа жету жолында көпке үлгісіздер. Демеушілер мен құрылысшыларға да сапалы жұмыстары үшін алғысымды айтамын. Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймын!»- деді Бердібек Сапарбаев.


«Асар» ЗТБ төрағасы Руслан Төлегенов көмек қолын созған барша адамдарға шын жүректен ризашылығын жеткізді.

«Бүгін біз үшін үлкен мереке. Орталықтың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ашылуы оның мәнін тіпті арттыра түскендей. Әлеуметтік салада мемлекеттік қолдаудың жыл сайын артып келе жатқаны белгілі. Соңғы жылдардағы қиын жағдайларға, әлемдік экономикалық дағдарысқа және коронавирустық пандемияға қарамастан, бірде-бір әлеуметтік пакеттің қысқаруына жол берілген жоқ. Керісінше, қолдау шаралары артты», - деді Руслан Төлегенов өз әсерімен бөлісіп.


Бұдан соң «Мүгедектердің жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әйгерім Дәулетбаева облыс әкімін жаңа ғимараттармен таныстырды. Ал, Сивара Нурматова инватакси диспетчерлік қызметі кеңсесінде өткен жылдың өзінде 17 мыңнан астам көліктік қызмет көрсетілгенін жеткізді. Бердібек Сапарбаев жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековке тағы екі инватакси көлігін сатып алуға қаражат қарастыруды тапсырды. «Бұл балаларға да, ересектер үшін де үлкен көмек болады», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, орталықта балаларды жалпы білім беретін мектепте оқытуға дайындайды. Психологиялық қызмет, күндізгі стационар палаталары, массаж, дәрігерлік қабылдау және ем-дом, электрофорез кабинеттері жұмыс жасайды.

Бизнес-инкубаторда ересектер ағаш ою, тігін, токарлық жұмыстармен айналыса алады. Облыс әкімі жақын маңда орналасқан футбол алаңын да «Асарға» беруді жүктеді. Сондай-ақ, іргедегі 2,6 мың шаршы метр жерге иппотерапия орталығының құрылысы басталуда.