Таразда оқушыларды қауіпсіздік ережесі сақталмаған автобустармен тасымалдаған

ТАРАЗ. KAZINFORM – Тараз қаласының прокуратурасы қала мектептерінде балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздікті сақтау мәселесі бойынша тексеру жүргізді. Нәтижесінде тасымалдау ережелерінің талаптары бұзылғаны анықталды. Бұл туралы Жамбыл облыстық прокуратурасы хабарлады. 

Фото: Pyxabay.com

Тексеріс нәтижесі көрсеткендей, қала мектептеріндегі 19 автобустың 10-ы Инвестициялар және даму министрінің м. а. 2015 жылғы 26 наурыздағы № 349 бұйрығымен бекітілген Жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау ережелерінің талаптарына сай болмай шыққан. 

Атап айтқанда, жүргізушілер рейс алдында медициналық тексеруден өтпеген, автобустарда медициналық қобдишалар, өрт сөндіргіштер, «Балаларды тасымалдау» белгілері болмаған.

«Автобустарда тасымалданатын балалардың жалпы саны отыруға арналған орындардың санынан асып түскен.  Балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіре отырып, жүргізуші тасымалдауды жүргізуші куәлігінің тиісті санаты болмай, сақтандыру полисінсіз және техникалық байқаудан өтпей жүзеге асырған» - делінген хабарламада.

Прокурорлық қадағалау актілерімен кінәлі адамдар әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.