Таразда саудагерлерден бірнеше миллион теңгесін «қағып алған» азамат қамауға алынды

None
ТАРАЗ. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Таразда сөзге сенгіш саудагерлерді бірнеше миллион теңгеге алдап кеткен азамат қамауға алынды, деп хабарлады Жамбыл облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Құқық қорғау ведомствосының ақпаратынша, 43 жастағы Б. есімді азамат сауда саласында жұмыс істеп, қаражат жинап қана қоймай, көтерме саудамен айналысатындар арасында беделге ие болған.

«Оның алғашқы құрбаны - бағасы 5,7 млн. теңге қант топтамасын сеніп тапсырған көтерме саудагер. Ақшаға тоймаған Б. басқа саудагердің сеніміне кіріп, одан 9,9, млн. теңге алады. «Алдаудың» үшінші құрбаны 632 мың теңге көлемінде шығындалды», - деп баяндады баспасөз қызметінде.

Ұсталған азаматтың әрекеттері алаяқтық ретінде бағаланып, ҚР ҚК-нің 177 бабының 4 бөлімімен қылмыстық іс қозғалды.

«Қазіргі кезде ұсталған азаматқа қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы алынды. Оның кінәсі іс бойынша жиналған материалдармен және жәбірленушілердің түсініктерімен толық расталды. Тергеу амалдары әлі жалғасуда», - деп түсіндірді Тараз қалалық ІІБ екінші полиция бөлімшесінің тергеушісі Шухрат Құдайбергенов.