Таразда TikTok-та отырып көлік айдаған жүргізуші жауапқа тартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерге жасалған мониторингтен кейін жамбылдық жүргізуші ұсталды.

Фото: Максат Шагырбаев / Kazinform

Жамбыл облысы полиция департаментінің хабарлауынша, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін бұзу фактілерін анықтау мақсатында әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында әкімшілік полиция қызметкерлері TikTok желісінде тікелей эфирде отырып, жол ережесін бұзушыны анықтады.

— Көлік тізгіндеген жас жігіт тікелей эфирде алкогольдік ішімдік ішіп, балағат сөздер айтқан. Артынша алдыңғы нөмірін шешіп алып, қаланы аралап шыққан. Бейнебақылау камераларының көмегімен полиция қызметкерлері Mercedes-Benz көлігінің жүргізушісін анықтады,- деді ведомствоның баспасөз қызметі.

24 жастағы жүргізушіге көлікті мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз, сақтандыру полисінсіз жүргізгені және жол ережесін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

- Көлікті мас күйде жүргізген тағы бір жүргізушіге хаттама толтырылды. Тәртіп бұзушы 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады және қомақты айыппұл төлейді, - делінген ведомство мәлімдемесінде.

Көлік мамандандырылған автотұраққа қойылды.

Бұған дейін Таразда бірнеше айдың ішінде 2 миллион 457 мың 350 теңгеге 54 рет жылдамдықты бұзған 31 жастағы жүргізуші ұсталған.

Құқық қорғау органының мәліметінше, 2023 жылдың 12 айында Жамбыл облысында белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін 22,5 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.