Қазіргі таңда Тараз қаласының жалпы аумағы - 18787 гектар. Халық саны 356 мың адамды құрайды. Осыдан сегіз жыл бұрын 338 мың адам болған десек, жалпы өсім - 28 мың. Ал, жобалау есебі бойынша халық санын 2015 жылы 400 мыңға жеткізу көзделгенімен, ол орындалмады. 1263 көпқабатты тұрғын үйлер бар десек, оның 151-і - бір қабатты барак үйлер. Сондай-ақ, 43261 аз қабатты жеке тұрғын үй бар.
Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров қазіргі таңда шаһар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде 69700 адам тұрғанын тілге тиек етті. Ол қала құрылысына қолайлы аймақтар ретінде облыс орталығына таяу Байзақ және Жамбыл аудандарының бірқатар аумақтарын атады. Қалаға жақын орналасқан Байзақ ауданының 4 елді мекені болса, оның жер көлемі - 5474 гектар. Ал Жамбыл ауданындағы 10 елді мекенінің жер көлемі - 14313 гектарды құрайды.
Басқосу барысында жаңа бас жоспар құру мен егжей-тегжейлі жоспар құрудағы 3 ұсынысты қабылдау мәселелері көтерілді. 2019 жылдың жұмыс жоспарына қала маңы аумағы жобасын резервтегі жерлерді жеке құрылыс жүргізуге арналған тізімді ескере отырып жасау керектігі, қала орталығындағы аз қабатты ескі ғимараттарға реновация жасау үшін жеке бағдарлама құру керектігі айтылды.
Асқар Исабекұлы конституциялық талаптарға сәйкес жер кезегінде адамдарға 10 соттық жерді облыстың кез-келген аумағынан беруге болатынын, бас жоспарды стихиялық жағдайға қарап жасауға болмайтынын баса айтты. Қаланың айналасында құрылысқа жарамсыз жерлерді жасыл желекті аумаққа айналдырып, қолдан ағаш отырғызып, орман жасау керектігін, ол жерлерден демалыс орындарын ашуға болатынын тілге тиек етті.
Ғибрат Сембай