Таразда «Ұлт тарихы және ұлы тұлғалар» атты республикалық конференция өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің бас ғимаратында «Ұлт тарихы және ұлы тұлғалар» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конференцияның мақсаты - Қазақстан тарихының жаңа сипаттағы зерттелу үдерісін талқылау болатын. Сонымен қатар онда мемлекеттік тілдің Тәуелсіздік жылдарындағы даму үрдісі және ел Тәуелсіздігін алғалы бері қайраткер әйелдердің жеткен жетістіктері мен жастарды интеллектуалдық бағытта тәрбиелеу жолдарына қатысты мәселелер сөз болды.

Конференцияға Алматы қаласынан ҚР Білім және ғылым министрлігі Ш.Уәлиханов атындағы атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы Хангелді Әбжанов қонақ болды. Ол бүгінгі басқосуға қатысушыларға өзінің «Тарих және тұлға» атты баяндамасын таныстырды.

Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Зейнеп Базарбаева «Мемлекеттік тіл - рухани тәуелсіздіктің басты тірегі» атты тақырыпта баяндама жасады. «Тәуелсіздіктің интеллектуалдық негіздері» атты баяндамасын Абай атындағы ҚазҰПУ-дың проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғабит Кенжебаев оқып берді.

Конференцияға облыстың зиялы қауымы, БАҚ өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, жоғары оқу орындарының студенттері және Тараз қаласының мектептерінің тарих пәнінің мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Жиында көтерлген мәселелерді барлығы 500-ден астам адам тыңдады.