Таразда заманауи перинаталды орталық ашылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жамбылдықтарға Қазақ хандығының 550 жылдығына орай тағы бір әлеуметтік нысан - 200 орындық облыстық ана мен бала орталығы падалануға берілді.

Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Жамбыл облысы әкімі Кәрім Көкірекбаев жамбылдықтарды облыстағы әлеуметтік маңызы жоғары денсаулық сақтау нысанының ашылуымен құттықтады. «Жылдан-жылға халқымыздың демографиялық жағдайы жақсаруда. Жаңа ана мен бала орталығы жамбылдықтар үшін жақсы сый болмақ. Аталған нысан құрылысын жүргізген жандарға алғыс білдіремін. Орталық заманауи талаптарға сай әрі ана мен бала үшін барлық жағдай жасалған», - деді облыс басшысы. Орталықта 200 орын бар. Медициналық нысан ауқымы мен техникалық құралдар барлық талаптарға сәйкес келеді. Кәрім Көкірекбаев өз сөзінде: «Жамбыл облысында 3 жыл ішінде 45 медициналық нысан салынды. Бүгінде 2 аурухана мен емхананың құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы медициналық құралдар мен инвентарь (мүлік) үшін 1129,0 млн. теңге бөлінді», - деді. Сонымен қатар орталықтың салтанатты ашылуына медицина қызметкерлері мен осы саланың ардагерлері қатысты. Өңір басшысы орталық қызметкерлеріне еңбекте сәттілік тіледі.