Таразда заңсыз салынған сауда кешені сүрілетін болды

АСТАНА. KAZINFORM – Таразда жобалық құжаттамасыз, сараптама қорытындысынсыз және міндетті техникалық қадағалаусыз салынып жатқан сауда кешені сүріледі. Сот жер учаскесінің иесіне нысанды бұзу үшін бір ай уақыт берді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Pexels

Сот отырысы құжаттарды қараумен ғана шектелмей, тікелей базар аумағында өтті. Процеске қатысушылар екі қабатты темір-бетон бағандары мен бетон жабындарынан тұрғызылған ауқымды құрылысты өз көздерімен көрді.

Соған қарамастан, айналадағы сауда тоқтатылмаған. Жұмыс істеп тұрған сауда павильондары құрылыстың дәл астында және екі жағында орналасқан. Құрылыс алаңы қоршаумен де, қорғаныс бөгеттерімен де оқшауланбаған.

Іс мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы жүргізген тексеруден кейін қозғалды. Жер учаскесі кәсіпкердің меншігінде болғанымен, сауда кешенінің құрылысы қажетті құжаттарсыз басталған.

Тексеру барысында кәсіпкерде жобалық құжаттама мен сараптаманың оң қорытындысы болмағаны анықталды. Сондай-ақ құрылыс авторлық және техникалық қадағалаусыз жүргізіліп, уәкілетті органдарға құрылыс жұмыстарының басталғаны туралы хабар берілмеген. Бұдан бөлек, құрылыс алаңында міндетті қауіпсіздік талаптары сақталмаған.

Сотта аталған заң бұзушылықтардың барлығы расталды. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының талап-арызын қанағаттандырды.

Енді кәсіпкер заңсыз салынған нысанды өз қаражаты есебінен сүріп, жер учаскесін бастапқы қалпына келтіруге міндетті.

Бұған дейін Алматыдағы Гоголь көшесінде заңсыз салынған «Береке» базарының сүрілгені хабарланған.

Ал Алматы қаласындағы «Байсат» базары қаланың коммуналдық меншігіне өтуі мүмкін.