Таразда жалған нөмірмен жүрген көлік жүргізушісі ұсталды
Тараз қаласы патрульдік полиция батальоны қызметкерлері жол ережесін бұзған «Toyota camry» маркалы автокөлігін тоқтатады. Тексеру барысында автокөлікте тұрған мемлекеттік нөмірдің жалған екендігі анықталады.
Жүргізушінің айтуынша, ол өзінің көлігіне тиесілі нөмірді шешіп, жалған нөмірді бейнебақылау камераларына түспес үшін тағып алған.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, автокөлік иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 3-бөлігімен және 590-баптың 4-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған іс-құжаттары сотқа жолданған. Сот шешімімен жүргізуші бір жыл көлік басқару құқығынан айырылып, екі тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.
Сондай-ақ, жүргізушіге 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 45 945 мың теңге айыппұл салынған.
Бұған дейін Жамбыл облысында 4 айда 305 жол апаты болғанын хабарлаған болатынбыз.
Жамбыл облысында жыл басынан бері 4 айда 305 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апаттарынан 42 адам қаза тапқан, оның 12 - сі балалар. Ал 459 азамат түрлі дәрежеде жарақат алған.