Таразда жасы 100-ден асқан қарт аналарды құттықтады

АРАЗ. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Таразда Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шара облыс басшылығының ұзақ өмір сүрген аналарды аралауымен басталды: Таразда жастары 100-ден асқан 7 кейуана тұрады.

Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев биыл 102 жасқа келген Алтынгүл Татаеваны құттықтады. Аймақ басшысы бүгінде немерелері мен шөберелерінің ортасында бақытты әже атанып отырған майдангер жесіріне мықты денсаулық тіледі.

Облыстық әкімдікте сондай-ақ, көктем мерекесінің құрметіне арналған салтанатты қабылдау өтіп, оған облыс аудандарынан еңбеккер әйелдер, еңбек ардагерлері шақырылды.

«Біз өмірдің мәнін де, маңызын да әйелдермен, олардың ақылымен, қамқорлығымен байланыстырамыз. Еңбек және соғыс ардагерлерін осынау мереке күні шын жүрегімнен құттықтағым келеді. Сіздердің ерең еңбектеріңіз, Отанға деген сүйіспеншіліктеріңіз, туған жерімізді, ондағы бейбітшілік пен келісімді сақтап қалды», деп атап көрсетті әкім өз сөзінде

Әкім сондай-ақ, көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерін табыс етті, ал қоғамдық-саяси өмірге белсенді атсалысып отырған қыз-келіншектерді облыс әкімінің Құрмет грамотасымен атап өтті.