Таразда жатақханаға әлі жылу берілмеген: суық бөлмеде отырған студенттер наразылық білдірді

Фото: Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

ТАРАЗ. KAZINFORM – Бірнеше күннен бері Тараз қаласында жылу беру жұмыстары қарқынды жүріп жатса да, М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің №2 студенттер жатақханасы әлі күнге орталық жылу жүйесіне қосылмаған.

Бұл жатақханада 500 студент тұрып жатыр. Соңғы күндері Таразда ауа райы күрт суып кеткендіктен жатақхана бөлмелері өте суық. Тіпті түнгі мезгілде далада мұз қатып қалып жатыр. Сондықтан студенттер тарапынан жылуға байланысты наразылық туындап отыр.

Жоғары оқу орнының жатақханасы неге әлі күнге жылу жүйесіне қосыла алмай отыруының себебін Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Дәулет Төлендіден сұрадық.

«Мұның себебі арыда жатыр. 2024 жылдың 13 мамырында «ТаразТрансэнерго» МКК-нің мамандары Ниетқалиев және Қойгелді батыр көшелерінің қиылысындағы жылу жүйелерін тексеру барысында ТарӨУ меншігіне қарасты құбырдың жарылғанын анықтаған. Дәл сол күні оқу орны басшылығына құбырдың жарылғанын жөндеу туралы нұсқама беріліп, тіпті, 29 мамыр күні ресми хат та жолданған. Алайда күні бүгінге дейін бұл ақаулар жөнделмеген. Осыған байланысты бұл нысандарды орталық жылу жүйесіне қосу мүмкін емес болып отыр», - дейді Дәулет Төленді бізбен әңгімесінде.

Енді ТарӨУ өкілдерінің «ТаразТрансэнерго» МКК мекемесімен келісімшарт жасасу және университеттің барлық ғимаратының жылу құбырларын қысыммен тексеру туралы ұсыныс жасалған. Дәл қазір Тараз қаласындағы барлық нысанға жылу беріліп жатқандықтан «ТаразТрансэнерго» МКК мекемесінің жұмысшылары түгелдей осы шаруаға жұмылдырылған. Сондықтан ТарӨУ ғимараттарына жылу беру жұмыстары 21 қазаннан басталады.

Айта кетсек, біз бұған дейін Таразда әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастағанын жазған болатынбыз.